• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Асу бермес асқар жоқ

    Жуырда Алматы облысы Есік елді мекенінде дзюдо күресінен 2013-2014 жылдары туған кіші жасөпірімдер арасында Алматы облысының ашық біріншілігі болып өтті.

    Тәуелсіздік күніне арналған бота балуандар арасындағы жарыс Есік қаласындағы №1 Балалар мен жасөспірмдер спорт мектебінің шаңырағында ұйымдастырылған еді. Бүгінгі таңда ауыл жастарының дзюдо күресіне қызығушылық танытып, көптеп күрес үйірмелеріне жазылып тобын жазбай келе бастауы көңіл қуантады. Оның басты себебі өткен Париж Олимпиадасында алтын жүлдені жеңіп алған қазақтың апайтөс ақтаңгер балуаны Елдос Сметовтей ер тұлғаның өскелең ұрпаққа үлкен үлгі болып қалуында деп ойлаймыз. «Жүйрік алысқа, жігіт намысқа шабады», демекші, Париж Олимпиадасында өзге спорт түрлеріндегі оғландарымыз алтын жүлденің сыңғырын естімей тым-тырыс жатқан кезде Елдос Сметов пен Ғұмар Қырғызбаевтардың ел қоржынына алтын мен қола медаль салып беруі миллондаған жанкүйерімізді бір серіпілтіп қана қаймай, осы спорт түріне балаларын жетелеп әкеліп беруіне жол ашты. Міне, соның нәтижесін осындай ел арасында өткен бота балуандардың арасындағы аламан жекпе-жектерде күә болып келеміз. Есік қаласында өткен жарысқа Қонаев қаласы, Балқаш ауданы, Іле, Қарасай, Ұйғыр, Райымбек, Жамбыл, Кеген, Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарынан 300 ге жуық балуан келіп қатысып, 17 салмақта өзара мықтыларда анықтады.

    Күрес алаңында дзюдоның қыр-сырын ұстазынан ұғып енді ғана дүбірлі турнирлерге үрке келіп келіп қатысып отырған бала балуандың жекпе-жегіне көріп тәнті болдық. Жер бетінде намысын ту еткен бір ұлт болса ол қазақ дер едік. Маңдайдан тер шықпай, жеңілсе көзінен жас шықпай жеңіске жету мүмкін емес екенін жас жеткіншектер жақсы біле бастаған секілді. Бабамыз мұндайда «жығылып жыламай бала өспейді , қарап сыламай тал өспейді», деп жатады. Кейбірі жеңіліп қалғанына намыстанып бозкілемнен шыға бере көз жастарына ерік беріп жатыр. Мұны байқай отырып, намысты балуан балапандарымыздың алар асулары әлі алда деп түйдік. Сондықтанда қызығы да қуана қол соқтық. Намыс бар жерде табыс болатыныны сеніміміз зор. Өйткені «асу бермес асқар жоқ», демекші, осы балалардың арасынан ертең Елдос секілді аға буын алыптардың ізін басар Олимпиада, әлем чемпиондары шығатынына тіпті күмән жоқ. Сонымен дүбірімен дүйім жұртты үйірген бұл турнирдің ашылу салтанатын да ұйымдастырушылардың жоспарынын шықпай жоғары деңгейде өтті.

    Жарыстың ашылуында Еңбекшіқазақ ауданының әкімінің кеңесшісі, Алматы облысының Самбо күресі федерациясының вице-президенті Бақытбек Төлгенұлы Сақалов, Алматы облысы прокуратурасының кадрлық жұмыс тобының аға прокуроры Ержан Болатұлы Медеубаев, Еңбекшіқазақ ауданының прокуроры Бауыржан Маратбекұлы Қыбыраев, дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Төлеген Самидинұлы Сұлтанов, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қапар Тоқтарбайұлы Рауанов, қазақ күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы Бауыржан Тәліп пен Еңбекшіқазақ ауданының №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры  Абай Қанатұлы Сырғабаев қатысып, жасөспірім балуандарға жарақатсыз жеңісті жекпе-жектер тіледі. Сонымен күн ұзақ бозкілемде жеңіс үшін бар шеберліктерін көрсеткен жасөпірімдердің арасынан үздік шыққандардың есімдері де белгілі болды.

    Жарыс қортындысы бойынша А.Мұсабаев (Қонаев қ.) А.Дүйсенбай (Талғар ауданы) С.Қуатұлы (Қызыл ту) Ғ.Тұрсынбай (Еңбекшіқазақ ауданы) Н.Бағдат (Еңбекшіқазақ ауданы) И.Ілиясов И. (Еңбекшіқазақ ауданы) А.Зиналиев (Іле ауд) А. Серік (Аймен) А. Кадырхан (Талғар ауданы) А.Сайлаубек (Кызыл ту), Е.Жексенбек (Еңбекшіқазақ ауданы) М.Мақсұтов (Аймен) К. Орын Дилшатов (Еңбекшіқазақ ауданы №2) Д.Шәріпбай (Ж.Үшкемпіров БЖСМ) Б.Палмурза (Еңбекшіқазақ ауданы) М.Сұлтан (Талғар ауданы), Ж.Күлбаев Ж. (Кырбалтабай) мен Еңбекшіқазақ ауданынан келген А. Нуриевтер жарыс жеңімпаздары атанып, үлкен қошаметке ие болды. Негізі балуан балалардың тәжірбиесі толығып, шеберліктерінің өсуі үшін осындай турнирлердің жиі ұйымдастырылып тұруының маңызы зор. Сондықтанда көптеген бота балуандардың ұлы дүбірге қосыла шабуы үшін айтулы турнирдің қосқан үлесі ерекше деп айтар едік.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Алматы облысы

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *