Расыменде өз кәсібінің нәсібін көріп қана қоймай айналасына, қоғамға белсене үлес қосып жүрген кейбір қазақтың абзал азаматтарын көріп риза болып қалатынымыз рас. Ал спорт саласына келетін болсақ, бар ғұмырын бала тәрбиелуге арнап, үйін айлап көрмей тер төгіп жүрген бапкерлердің еңбегін көріп, Алла саулығын берсін дейміз. Сонау 1990 жылдары ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, егемен ел болудың жарқын жолына түскенде спорт саласының да қабырғасы күйзеліп, шаңырағы теңселген еді. Сол бір ауыр кезеңде де жоққа мойымай, барды қанағат етіп, өз сүйген спорт саласының туын жықпай еңбек еткен жаттықтырушылардың еңбегі ерен деп айтар едік. Сол ел тәуелсіздігін алған жылдан бастап, қаншама ауыр кезеңдерді басынан кешірсе де мойынұсынбай көптеген талантты балаларды тәрбиелеп, биікке ұшыра білген маман бапкерлердің арасында шоқтығы биік Төлеген Сұлтанов тұратынын айтсақ артық болмас.
Төлеген елге танымал көптеген балуандарды тәрбиелеп шығарған өз ісінің майталман маманы. Тіпті Олимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанған балуанның тікелей жаттықтырған жеке бапкері.
Төлеген Самидинұлы 1967 жылы 11 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Дүйсен Бабаев атындағы орта мектепті 1984 жылы тәмамдағаннан кейін, өзі қалаған Қазақтың денешынықтыру және спорт институтына жоғары оқуға түседі. Айтулы оқу ордасында дәріс алып жүргенде әскерге шақырылып, Үшарал қаласында танк батальонындағы мотоатықыштар полкында борышын өтеп жүріп, Алматыдағы ЦСКА спорт ротаға ауысып келеді. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын қайсар жігіт осы спорт ротада әскери борышын абыроймен аяқтап үйіне оралады. Әскерден келген соң өз оқыған Денешынықтыру және спорт иниститутына қайта келіп, оқуын жалғастырады. Жоғары оқу ордасын 1990 жылы бітіргеннен кейін, Өтеген батыр кентіндегі БЖСМ келіп, қазақ күресі, самбо және дзюдо күресінен жаттықтырушы болып жұмысқа тұрып, жас таланттарды жаттықтыра бастайды. «Осылай өмір өзен ағады ағысымен», демекші, аттай 34 жыл бойы бір мектепте еңбек етіп, қаншама қырандарының қанатын қамдап, биікке ұшуына зор үлесін қосқан. Осы бір адамның ширек ғасырлық ғұмырындай бір мектепте еңбек етіп, тер төге жүріп, көптеген Азия, әлем тіпті, Олимпиада ойындарында олжа салған балуандарды дайындап шығарған танымал бапкерге айналған. Егер саралай айтсақ, төл шәкірті Қайнар Қажымұқан 2005 жылы Грекияда өткен әлем додасында қазақ күресінен әлем чемпионы атанса, Закен Шыңғыс 2015 жылы Ташкентте, Құдайназар Зейнолиев 2018 жылы Үндістанда, 2019 жылы Моңғолияда Текей Зейналиев Азия чемпиондары болып танылған. Ал дзюдо күресінен Ливанда өткен Азия чемпионатында Алмас Ғалымов қола жүлдені жеңіп алған. Әрбір бапкердің арманы Олимпида чемпионын дайындап шығару екені бесенеден белгілі. Армансыз адам болмас. Иә, арманда төккен термен, аянбай жасаған еңбектің арқасында келетіні анық. Төлегеннің де көптеген армандаған арманы орындалып, бел шәкірті Теміржан Дәулет 2020 жылы Токиода Паралимпиада жарысында финалда күресіп, күміс жүлдені жеңіп алып Қазақстанның атын әлемге бір танытты. Ұл мен қыздарды теңдей жаттықтыратын Төлеген Самидинұлының шәкірт қыздарының да жетістіктері жетерлік.
2022 жылы өткен Азия чемпионатында Аяжан Әзім қола жүлдеге қол жеткізіп, бір қуантады. Сонымен қатар, әскери самбодан да шәкірттері үлкен аламандарда бәйгесіз қайтқан емес. Айталық, Арменияда өткен әлем чемпионатында дарынды шәкірті Ельзат Асиев әлем чемпионы атағын жеңіп алған. Және де осы жылы Ақтау қаласында өткен Азия чемпионатында төл шәкірті Ғазиза Нұрмағанбетова алтын жүлдеге ие болып, ел намысын абыроймен қорғаған. Сондай-ақ, бапкерінің маңдай терін ақтаған Қазақстан Респубикасының чемпионы, Еуропа жарысының күміс және қола жүлдегері, Азия кубогының иегері, 2023 жылы әлем чемпионатына қатысқан Еділ Ерболұлы, Қазақстан чемпионы, Азия кубогының қола жүлдегері, 2024 жылы әлем чемпионатында өнер көрсеткен Апақ Шамшиддин, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Смағұл Тынышиықбай және Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, Азия кубогының 2024 жылы қола жүлдегері Нұртаза Ерасыл сынды төл шәкірттерінің жетістігімен қуанта алады.
Міне, айта берсең бір түйеге жүк артар жетістіктері бар білікті маман, талантты бапкер, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген жаттықтырушысы Төлеген Самидинұлы Сұлтановтың жеткен жтістіктері осындай. Иә, бапкер үшін аянбай еңбек етіп, қаншама бота балуандардың үлкен спортшы болып қалыптасуына 34 жыл төккен тері зая кетпегенінің куәсі болдық. «Сабыр етіп сарғайған жетер мұратқа», демекші, Төлеген Самидинұлы өмірінде алдына қойған мақстанына қол жеткізген жан. Отбасында бір ұл бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты әке. Еңбек адамды ер атандырады. Қоғам мен адамзат үшін еңбек ету үлкен ерлік деп білген жөн шығар. «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді», демекші, бір ауылдан қаншама дарындарды тәрбиелеп шығарып жатқан Төлегеннің еңбегін ел көріп біліп бағасын беріп отыр. Ел іші қашанда өздерінің апайтөс батырларымен, білікті де білгір бапкерлерімен мақтанады. Ендеше, Төлеген Самидинұлының Өтеген елдімекенінде спорт мектебіндегі еңбегінің жемісін көрген жергілікті халық әрқашанда мақтанатынын бек сенімдіміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ