Бүгін БАӘ-де шахматтан өткен Sharjah Masters 2025 супер турнирінде Бибісара Асаубаева өзінің үшінші гроссмейстер нормасын орындап, алғаш рет 2 500 рейтинг межесінен асты, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бибісара Асаубаева 64 гроссмейстер қатысқан турнирде әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсетті (28-орын). Ол әйелдер арасында 2024-25 жылғы маусымдағы Гран-при жеңімпазы Чжу Цзиньир (2541) мен Олимпиада чемпионы Дивья Дешмухты (2469) артта қалдырды.
Енді тек FIDE кеңесінің алдағы отырысында ресми бекіту қалды. Содан соң шахматшы қазақ әйелдері арасынан екінші гроссмейстер (GM) атанады. Бұл межені бағындырған тұңғыш шахматшы — Жансая Әбдумәлік.