Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласында өтіп жатқан каратэден Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы 3 алтын медаль түсті, деп хабарлады ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ересектер арасында алғаш рет құрлық чемпионатына қатысып жатқан Дайяна Даренская 68 кг дейінгі салмақтың финалында жапон спортшысы Кама Цубасаны жеңді.
Осыдан кейін татамиге шыққан әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) Иран елінен келген қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) тағы бір жапон каратэшісі Сумире Сугитадан айласын асырды.
Содан соң кумите бағдарламасында Жоламан Биғабыл топ жарды. Осылайша, ұлттық құрама 4 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен жалпы есепте 1-орын алды. Екінші сатыда Жапония (3 алтын, 5 күміс, 4 қола), үздік үштікті 3 алтынмен Вьетнам түйіндеді.
Күміс медаль: кумитеден Қазақстан әйелдер құрамасы.
Қола жүлде: Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг), Әсел Қанай (-61 кг), Данияр Юлдашев (-84 кг), Диас Ұлбек (+84 кг), кумитеден Қазақстан ерлер құрамасы.
Қазақстан осыған дейін жалпы есепте бірінші рет топ жарған. Малайзияда 2023 жылы командаға 1-орын үшін 3 алтын жүлде жеткілікті болған.
Биыл сары құрлық чемпионатында 29 мемлекеттің таудаулы 421 спортшысы жүлдеге таласып жатыр.
Жалпы Ташкент қаласы осыған дейін каратэден сары құрлық чемпионатын 3 рет қабылдаған.
Біздің ұлттық құраманың нәтижесі:
2022 жыл 2 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль (жалпы есепте 3-орын).
2019 жыл 1 алтын, 2 күміс жүлде (5-орын).
2012 жыл 1 алтын 3 күміс 2 қола медаль 4-орын).