Астанада бокстан Әлем кубогына қатысатын құрамалар көбейіп жатыр. Қолда бар дерекке қарағанда, қазір 33 мемлекеттің былғары қолғап шебері жарысқа дайындалуда.
Әлем кубогына жер-жүзінің үздік боксшылары қатысады деп жоспарланып отыр. Ел құрамасы бірінші құрамымен шаршы алаңға шығады.
Әлем кубогы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында болады.
World Boxing турнирі үш кезеңнен тұрады. Сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында World Boxing аясында өткен Әлем кубогында Дәулет Төлемісов (85 кг), Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг) пен Жазира Орақбаева (51 кг) кубоктың иегері атанды. Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 кг), Диас Молжігітов (75 кг) пен Даниял Сапарбай (90 келіден аса) қола жүлдеге ие болды.
Енді үшінші кезең 21-27 шілде аралығында өтеді. Қазір оның қайда болатыны белгісіз.
Бас жаттықтырушы Қайрат Сәтжановтың айтуынша, бұл сында ол бірінші нөмірлі былғары қолғап шеберлеріне үміт артады. Олардың арасында Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (65 кг), Абылайхан Жүсіпов (70 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг), Бекзад Нұрдәулетов (85 кг), Сағындық Тоғамбай (90 кг) мен Айбек Оралбай (90 келіден аса) бар.
Ұлттық құрама алғашқы оқу-жаттығу жиынын 1-18 мамыр аралығында Түркістан облысында өткізді. Енді дайындықтың екінші кезеңі 26 мамыр-9 маусым аралығында Ақмола облысы Щучье қаласында болады.
Соңғы оқу-жаттығу жиыны 17-29 маусым аралығында өтеді. Бұл — халықаралық деңгейде өтетін біріккен жаттығу жиыны. Оған АҚШ, Канада, Ирландия, Бразилия мен Австралия елдердің боксшылары қатысады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА