Қазақстанның бірінші, әлемнің 62-ракеткасы Александр Бублик «Ролан Гаррос» турнирінің төртінші айналымына шықты, деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Ол дүниежүзілік рейтингіде 200-орында тұрған 21 жастағы португалиялық Энрике Рошамен ойнап, қарсыласын 6:1, 7:5, 6:2 есебімен оңай жеңді.
Бір сағат 41 минутқа созылған матчта Бублик 9 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Осылайша, топырақ төсенішіндегі кортта ойнауды онша құп көрмейтін Бублик биыл сәтті өнер көрсетіп, алғаш рет «Ролан Гаррос» турнирінің төртінші айналымына жолдама алды.
Енді Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, ұлыбританиялық Джек Дрейпермен ойнайды.