Марокконың астанасы – Рабат қаласында каратэден (WKF) жылдың қорытындысы Премьер-лига санатындағы турнирі аяқталды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Биылғы төрт жарыстың нәтижесінде өз салмағындағы рейтингте көп ұпай жинаған отандасымыз Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) мен Әсел Қанай (-61 кг) үздік спортшыға берілетін Grand Winner номинациясына ие болды.
Осыған дейін ұлттық құраманың екі спортшысы бірден мұндай марапатқа ие болмаған. Мөлдір Жаңбырбай былтыр тұңғыш болып 50 кг дейінгі салмақта Grand Winner атанған. Ол — осы сыйлықты екі мәрте иеленген алғашқы каратэ шеберіміз.
Мөлдір Жаңбырбай биыл Париж қаласында өткен алғашқы Премьер-лига бәсекесінде қола, Ханчжоуда күміс, Каирде алтын медаль жеңіп алған. Әсел Қанай Париж бен Каирде күміс, Ханчжоуда қола медаль олжалаған.
Сонымен қатар биыл осы атақтан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева да үмітті болған. Алайда команда көшбасшысы Рабатта топтық кезеңнен шыға алмай, ұпай саны жағынан қарсыласын қуып жете алмады.