Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасы мен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы.
Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Бүгінде Түркістан облысында 40 спорт ұйымында 6000-ға жуық жас боксшы шұғылдануда. Аймақта бокс қарқынды дамып жатыр. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Алтаев.
Биылғы турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қырғызстаннан, еліміздің барлық өңірінен келген 20 команда сапында 140-тан астам жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына 1-13 тамыз күндері Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды іріктеу. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаровтың айтуынша, турнир жақсы басталды. Боксшылар өз дайындықтарын толықтай көрсетуде, — делінген хабарламада.
Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі өте жақсы ұйымдастырды.