Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы спорттық гимнастикадан командалық көпсайыста қола жүлдегер атағына ие болды.
Бұл жүлдені Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Роман Маменов, Ілияс Әзізов пен Әлішер Тойбазаров жеңіп алды. Олар жалпы 240.301 ұпай жинады.
Ұлттық Олимпиялық комитеттің хабарлауынша, бірінші орынды Жапония құрамасы (253.002 ұпай), екінші орынды Қытай құрамасы (248.265 ұпай), үшінші орынды Қазақстан (240.301 ұпай) иеленді. Сонымен бірге төртінші сатыға Оңтүстік Корея (240.101 ұпай), бесінші сатыға Қытайдың Тайпейі (236.534 ұпай) көтерілді.
Командалық сайыста ерлер командасы екі жыл бұрынғы нәтижесін қайталады.
Қазақстан құрамасы бұған дейін 2023 жылы Сингапурде өткен құрлықтық жарыста жүлдеге ие болған еді. Ол кезде Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Дияс Тойшыбек, Әлішер Тойбазаров пен Ілияс Азизов тұғырға көтерілді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА