Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу турнирінде тағы бір қарсыласынан жеңілді. Бұл жолы команда Солтүстік Македония жасағымен ойнап, өз алаңында 0:1 есебімен есе жіберді.
Жалпы, матч аса тартысты және қызықты болды. Бұл ойында отандастарымыздың жеңіс үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасады. Ойын басталысымен ұлттық құрама қарсыластардың қақпасын аңдып, қауіпті соққылар жасап, есепті бірінші болып ашуға тырысты.
Бірінші таймда ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Ол алаңда ойынды жақсы көре біліп, жақсы ашылып, командаластарына әдемі пас беріп отырды. Алайда, доп торға түспей, ұлттық құрама мақсатына жете алмай жатты. Керісінше, бірінші таймда Солтүстік Македония жасағының жолы болып кетті. Қонақтар сапындағы Александар Трайковски 33-минутта Мұхамеджан Сейсен қорғаған қақпаны дәл көздеп, таблодағы есепті өзгертті.
Екінші таймда алаң иелері есепті теңестіруге тырысты. Ойынның соңында Дастан Сәтпаев, Алияр Мұхаммед, Александр Зуев алаңға шықты. Осылардың ішінде Сәтпаевтың гол салуға мүмкіндігі болды. Ол қақпаны 40 метрден көздегенде оның добы бағанға тиіп, гол бола жаздады. Мұның алдында бір доп Македония қақпасының маңдайшасына тиіп, кері қайтқан болатын.
Бір өкініштісі, отандастарымыз ойынның соңына дейін қанша ұмтылса да еш нәтиже шығара алмай кетті. Бұл матчта Қазақстан құрамында гол сала алатын бірде-бір ойыншы болған жоқ. Жалпы, құрамада интуициясы бар, алаңда голды сезе білетін шабуылшы жоқ. Оның үстіне алаңның ортасы үнемі бос қала береді. Ойыншылар кейде допты шамадан көп уақыт ұстап, пасты кімге берерін білмей қалып та жатады. Македонияның бүгінгі голы да Қазақстан ойыншыларының кесірінен болды. Егер Асхат Тағыберген пасты алаңның ортасында тұрған Нұралы Әліпке бермегенде гол да болмайтын еді деп ойлайсың. Ал Нұралы Әліптің қателігі ол пасты дұрыс қабылдай алмады. Македонияның ойыншылары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қақпаны дәл көздеп, гол салып кетті. Осылайша, Қазақстан құрамасы 0:1 есебімен есе жіберді. Ал Македония болса, осымен соңғы 11 ойында жеңілмей, үйлеріне қайтты.
Матчтан кейін Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Әли Әлиев Солтүстік Македониямен ойынға қатысты ойын айтты.
Бізді қолдауға келген барлық жанкүйерлерге алғыс айтамын. Жігіттерге мың алғыс, олар бұл матчқа тыңғылықты дайындалып, алаңда барын салды. Біз ел үшін, ту үшін соңына дейін күресеміз деп уәде бергенбіз. Бүгін жанкүйерлер тартысқа толы, жанды күресті көрді деп ойлаймын. Ойын алаңының әр бөлігінде шынайы шайқас болды.
Бүгін бізге сәттілік жолдас болмады. Дастанға да, Максимге де сәл ғана сәттілік жетіспеді. Жалпы алғанда, бізде мүмкіндіктер болды. Ойын стадиондағы және экран алдындағы жанкүйерлердің көңілінен шықты деп ойлаймын, – деді Әли Әлиев.
Ойынның кімнің көңілінен шыққанын, шықпағанын жанкүйердің өзі біле жатар. Ал менің ойымша, ойынды жеңу үшін сәттілік қана емес, командаға ынта-жігер, намыс, мінез керек. Осылар болғанда ғана қарсылас команданың қақпасының кілтін табуға болады.
Енді Қазақстан құрамасы 4 қыркүйекте Уэльс жасағымен ойнайды. Матч «Астана Арена» стадионында болады. Еске салып өтсем, былтыр ұлттық құрама Уэльстен 1:3 есебімен жеңіліп, Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңген болатын.
Қазақстан іріктеу турнирінде J тобында ойнап жатыр. Команданың карсыластары – Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс пен Лихтенштейн.
Қазақстан – Солтүстік Македония – 0:1 (0:1)
Гол: Трайковски 33
Ескертулер: Малый 50, Қуат 79 – Муслиу 64, Деспотовски 81
Қазақстан: Сейсен (қ), Астанов, Быстров, Малый, Әліп, Вороговский, Чесноков, Қуат, Тағыберген (к), Кенжебек, Самородов.
Қосалқы құрам: Заруцкий (қ), Шайзада (қ), Мұхамед, Сатпаев, Жұмат, Жагоров, Жуков, Жұмаханов, Зуев, Тапалов, Төлеубай, Халматов.
Бас жаттықтырушы: Әли Әлиев
Солтүстік Македония: Димитревски (қ), Деспотовски, Зайков, Муслиу, Алиоски, Барди (к), Костадинов, Элмас, Чурлинов, Трайковски, Миовски.
Қосалқы құрам: Алексовски (қ), Илиев (қ), Ашковски, Елези, Манев, Митровски, Стоевски, Трапановски, Атантасов, Ристовски, Станковски, Тошевски.
Бас жаттықтырушының көмекшісі: Роберт Стояновски
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА