Бүгін футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Солтүстік Македония командасымен ойыннан кейін ұлттық құрамадан кететінін айтты.
Солтүстік Македониямен матч – менің ұлттық құрамадағы соңғы ойыным болды. Бұл отбасыммен бірге ақылдасқан шешімім. Енді жастарға жол беру керек. Өйткені, футбол – бәсекеге толы спорт.
Қазір бұл туралы көп айтылып жатыр. Жалпы, жас деген – тек паспорттағы сан. Мен бұл орынды босатуға дайынмын.
Бүгін ұлттық құрама сапында соңғы рет алаңға шықтым. Енді клубта ойнай беремін. Барлық матчты жүрекке жақын қабылдадым. Әсіресе, «Астана Аренадағы» 30 мың жанкүйердің қолдауы – ұмытылмас әсер. Қолдаған жанкүйерлерге мың алғыс.
Баршаңызға Алла разы болсын! Ұлттық құраманың бір бөлшегі болғаныма, капитаны болғаныма өте қуаныштымын. Рақмет!, – деді Асхат Тағыберген.
Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет алаңға 2014 жылы 7 маусымда шықты. Сол кезде ол Венгрияға қарсы ойнады. Ұлттық құрама сапында 63 мәрте алаңға шығып, үш гол салып, жеті нәтижелі пас берді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА