• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    «Ордабасы» ФК

    «Ордабасы» футбол клубының бұрынғы басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды

    2023–2024 жылдары «Ордабасы» футбол клубы 18 ойыншымен жалпы сомасы 2,3 миллиард теңгеден асатын келісімшарт жасасқан. Оның 1,9 миллиард теңгесі бір жылда шетелдік легионерлерге төленген. Бұл туралы Шымкент қаласының прокуратурасы хабарлады.

    Қалалық прокуратураның мәліметіне қарағанда, клубтың бұрынғы басшылығының іс-әрекеттері лауазымды өкілеттігін теріс пайдалану туралы күдік тудырған.

    Бұл қаражат не үшін төленді, кім бөлді және кімге бөлді, қаражат қайда жұмсалды — осы сұрақтардың барлығына жауап берілуі керек. Қылмыстық іс қозғалуына байланысты жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Бонустарды заңсыз есептеу фактісі расталды. Тексеруді тікелей прокуратура жүргізді және анықталған құқықбұзушылықтар негізінде қылмыстық іс қозғау туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады қалалық прокуратура.

    Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл жағдай қоғамда кеңінен талқыланып, үлкен резонанс тудырды. Бұған Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің клубтың шамадан тыс қаржылық міндеттемелері туралы мәлімдемесі себеп болды. Әсіресе, ұлттық құраманың капитаны Асхат Тағыберген көпшіліктің қызу талқысына түсті. Оның ай сайынғы жалақысы 20 миллион теңге болған. 2025 жылдың ақпан айында онымен жасалған келісімшарт өзара келісім негізінде мерзімінен бұрын бұзылды. Келісімшартта біржақты бұзу жағдайында айыппұл қарастырылғанына қарамастан, тараптар бір-біріне қаржылық талап қоймаған. Бұл туралы қалалық спорт басқармасының бұрынғы басшысы Маратбек Мықтыбеков айтты.

    Асхат Тағыберген ешқандай айыппұл төлемеді. Келісімшарт өзара келісім бойынша бұзылды. Менің басшылық ету кезеңімде клубта тексеру жүргізілді, бұл жасырын болмады. FIFA қорғауындағы келісімшартқа қол қойған барлық ойыншы Халықаралық футбол федерациясының бақылауында болды. Ал бонус мәселесіне келсек, бұл сұрақтардың барлығы тікелей ҚФФ мен оның басшылығы арқылы шешілді, — деді Маратбек Мықтыбеков.

    Қазір осы іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Егер бюджет пен демеушілер қаржысының негізсіз жұмсалғаны немесе жымқырылғаны анықталса, бұрынғы лауазымды адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *