Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында Болгарияның астанасы — София қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында құрмет тұңырының ең биік сатысына көтерілді. Ол үш бірдей финалға бірінші орынмен шығып, оның екеуінде жүлдеге ие болды.
Гимнаст доппен көрсеткен өнері үшін 26.150 ұпай жинап, әлем чемпионы атанса, шығыршықтағы жаттығуда 26.950 ұпаймен күміс жүлдені жеңіп алды.
Енді ол таспамен сайысқа түседі. Сондай-ақ ел құрамасы сапында Айғаным Рысбек ұршықтармен жаттығу финалына қатысады.
Бұған дейін бұрын жастар құрамасы көркем гимнастикадан Азия чемпионатында 7 медаль алды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА