• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Фотода Санжар Тәшкенбай. Фотоның авторы - Сали Сабиров, Ұлттық Олимпиялық комитет

    Бокстан ӘЧ: Қазақстан алтын жүлдені санап алып жатыр

    Бокстан Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер және әйелдер құрама командалары алтын жүлде үшін жан алысып, жан беріскен таласта алдына жан салмай келеді.

    Бүгін бірінші болып жүлдені Назым Қызайбай жеңіп алды. Ол

    48 келіге дейінгі салмақтың финалдық жекпе-жегінде үнді Минакшимен қолғап түйістірді.

    Алғашқы раундта Минакши 4:1 есебімен басым түсті. Екінші раунд 3:2 есебімен Назым Қызайбайдың пайдасына аяқталды. Дегенмен төрешілердің шешімі бойынша үндіс боксшы жеңіске жетті.

    Осылайша, Назым Қызайбай (48 келіге дейін) Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салды.

    Одан кейін Санжар Тәшкенбай алтын медаль жеңіп алды

    Былғары қолғап шебері 50 келіге дейінгі салмақтың финалында Алдарқхишиг Баттулгамен (Моңғолия) өзара мықтыны анықтады.

    Санжар Тәшкенбай жекпе-жектің бірінші раундынан бастап тізгінді қолына алды. Толық үш раунд бойы басымдығын сақтап қалған отандасымыз төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

    Сөйтіп, спортшы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медальді салды.

    Санжар Тәшкенбай осымен екінші мәрте әлем чемпионы атанып отыр. Ол бұған дейін 2023 жылы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілген болатын.

    Биыл ұлттық құрама сапында ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар әлем чемпионы атанды.

    Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта үздік болды. Ол финалда Рафаэль Лосано Серраномен (Испания) алтын жүлдені сарапқа салды.

    Отандасымыз үш раунд бойы басымдық танытты. Нәтижесінде Махмұд Сабырхан еш қиындықсыз жеңіске жетті. Содан кейін Алуа Балқыбекова бокстан әлем чемпионатында топ жарды.

    Алуа 51 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.

    Отандасымыз финалда түркиялық Бусе Наз Чакыроглумен қолғап түйістірді. Тартысты жекпе-жектің қорытындысы бойынша Алуа Балқыбекова екі дүркін әлем чемпионы атанды. Қорытынды есеп — 5:0. Ал Аида Әбікеева бокстан екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

    Бұрымды боксшымыз 65 келіге дейінгі салмақтың финалдық жекпе-жегінде өзбекстандық Навбахор Хамидованы жеңді.

    Алғашқы екі раунд өзбек қызының пайдасына аяқталды. Дегенмен Аида үшінші раундта бокс үлгісін көрсетіп, жеңісті суырып алды. Нәтижесінде екі дүркін әлем чемпионы атанды.

    Содан кейін кезек Төрехан Сабырханға келді. Ол да ағасы Махмұд сияқты шаршы алаңда атой салып, алғаш рет чемпион болды.

    Төрехан 70 келіге дейінгі салмақта финалда жапон Сэвон Окадзавамен қолғап түйістірді.

    Жекпе-жек тең дәрежеде болды. Дегенмен қазақ боксшысы үшінші раундта қарсыласынан айласын асырып, жеңісті суырып алды.

    Осылайша, 19 жастағы Төрехан Сабырхан алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатында алтын медальді иеленді.

    Биылғы додада Наталья Богданова да әлем чемпионы болды. Ол 70 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді.

    Отандасымыз финалда Австралияның өкілі Лекеиша Перголитиді еш қиындықсыз жеңді.

     

    Рүстем ЖҰМАН,

    АСТАНА

    Махмұд Сабырхан

    Алуа Балқыбекова

    Аида Әбікеева

    Төрехан Сабырхан

    Наталья Богданова

    Назым Қызайбай

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *