• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

    XXI ғасырдағы алғашқы алтын медаль!

    Тарихи медаль! Қазақстан XXI ғасырда араға 26 жыл салып, грек-рим күресінен әлем чемпионатының алғашқы алтын жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    Хорватияның астанасы Загреб қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті. Отандасымыз Айдос Сұлтанғали 60 кг дейінгі салмақтың финалында Әлішер Ганиевті (Өзбекстан) жеңді.

    Айдос Сұлтанғали елімізге 26 жылдан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтын медалін сыйлады. Осыған дейін грек-рим күресінен Афинада 1999 жылы отандасымыз Мхитар Манукян (63 кг) топ жарған еді. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарлықасын сынды бозкілем шеберлері бас жүлдеге бір табан жақын болды. Жалпы алғанда Сұлтанғали — егемендік алғаннан бері күрестің осы түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында күрескен оныншы қазақ палуаны.

    Грек-рим күресі елімізде бұқаралық сипат алған танымал спорт түрінің қатарына кіреді. Бүгінде бұл жетістіктің бәрі мемлекет тарапынан күреске басымдық беріліп, барлық жағдай жасалып жатқанның арқасында.

    29 жастағы қызылордалық спортшы осыған дейін 60 кг дейінгі салмақта әлем чемпионатында 2 рет қола медаль иеленген.

    Сұлтанғали кеше Хорватиядағы чемпионаттың іріктеуінде Максвелл Хоппер Блэкті (АҚШ), Мелкаму Фетенені (Израиль), ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері Сеун Лидің (Солтүстік Корея) жауырынын жерге тигізіп, қайтып тұра алмастай, шамасы келместей етіп жықты. Жартылай финалда Амиран Чавадзеден (Грузия) мықты екенін дәлелдеді.

    Еске сала кетейік, Айдос Сұлтанғали осыған дейін 60 кг дейінгі салмақта әлем чемпионатында 2 рет қола медаль иеленген.

     

    Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *