Әлем чемпионаты 19–30 қыркүйек аралығында болады. Оған 8 бен 12 жас аралығындағы жас шахматшылар қатысады, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Чемпионатқа қазірдің өзінде 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелді. Олардың қатарында Үндістаннан (28), Қытайдан (25), АҚШ-тан (24) қатысушылар бар. Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам ойыншыны қатыстырады.
Әлемдік дода Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) мен Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) ұйымдастыруымен жалау көтереді.
Бүгін оның ашылу салтанатына премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович пен KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.
Бұған дейін елімізде шахматтан көтпеген халықаралық жарыстар, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матч өткізілді.
Былтыр Италияның Монтесильвано қаласында өткен әлем чемпионатына 77 елден 700-ден астам жас шахматшы қатысты. Биылғы чемпионатта қатысушылар саны артып, 88 елден 851 ойыншы, соның ішінде 231 қазақстандық тіркелді.
Ашылу рәсімінен кейін бірден 1-тур басталды. Жалпы 19–30 қыркүйек аралығында швейцар жүйесі бойынша 11 тур болады. Уақытты бақылау – 90+30 форматы (әр партияға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады).
11 турдың қорытындысы бойынша әлем чемпиондары, күміс және қола жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты жас санатында болып жатыр. Жас санаттары мынадай: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.
25 қыркүйек – демалыс күні. Бұл күні жас спортшылар үшін арнайы мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады. Олар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға шығады (онда Халықаралық шахмат күні – 20 шілдеде ашылған Minecraft стиліндегі шахмат атының арт-объектісі бар), сондай-ақ шешім шығару бойынша әлем чемпионатына және жүлде қоры 2000 АҚШ доллары болатын блиц-турнирге қатыса алады.
Чемпионат аясында 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де (Алматы, Сәтпаев көшесі, 22) «Білім берудегі шахмат» атты III халықаралық конференция болады. Оған FIDE-нің Chess in education комиссиясының төрағасы, АҚШ өкілі Джерри Нэш қатысады.