• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Желтоқсан батырлары әлі де бабында

    Желтоқсан батырларын есте сақтап, олар туралы үгіт-насихат жұмысын бір сәт тоқтатуға болмайды. Өйткені, олар тәуелсіздігімізді қан төгіп жеңіп алып берген алтын ұрпақтың тамыры болып таралады.

    Биыл міне, Желтоқсан көтерілісіне 39 жыл толып отыр. Алла нәсіп етсе ендігі жылы 40 жылдық тарихи датаны қарсы аламыз. Қарап отырсақ, қаншама жылдар арада зырлап өте шыққан. Бүгінде бастарын ақ басып, шау тартқан Желтоқсан батырлары қоғамның бір бөлігі ретінде туған елінде болып жатқан түрлі өзекті мәселелерге белсене араласып үн қосып келеді.

    Сол бір аязы бет қарыған түнде, алаңда жан беріп жан алысқан қазақтың батыр ұл-қыздарының ерліктері тарих сахнасында мәңгілік орын алды. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған егемен ел болып, тәуелсіздікті аңсаған армандарын Желтоқсан қаhармандары жеңіп алып берді.

    Бүгінгі таңда Желтоқсан батырларына Үкімет тарапынан жылы қабақ танылып, батырларға құрмет, қошемет көрсетіліп келеді. Әрине, ол қуантады. Кезінде Желтоқсанға қатысқан деген олар үшін өте ауыр сөз болды. Биліктегілер желтоқсаншымын десе қырын қарап теріс айналып кететін кезеңдер де болғаны жасырын емес. Міне, енді сең қозғалған секілді. Тарих шындықты қойнына басып жата алмасы анық.

    Желтоқсандықтардың тәуелсіздікті жеңіп әпергенін тарих өзі ақырындап халық назарына алып шығып, оң бағасын ала бастады. Бұған әрине, ел президентінің де ықпалы жақсы нәтижелерге жеткізіп келеді. Қазір теледидарлар мен баспасөз беттерінде Желтоқсан батырларының ерліктері емен-жарқын айтылып, жазыла бастады. Ал батырлар болса өздерін әлі де қажырлы, қуатты қалпында санайды. Әсіресе, спортты денсаулық кепілі дей отырып, өздерінің арасында түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, бірі-біріне қуаныш сыйлауды Желтоқсан батырлары дәстүрге айналдырған. Бұл деген жас ұрпаққа үлкен өнеге деп білеміз.

    Айталық, Желтоқсан қанды көтерлісіне 39 жыл толуына орай Алматы қаласындағы «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестіктің ардагер батырлары футзалдан «Тәуелсіздік тұғырың» атты аламан жарыс ұйымдастырды. Бұл тартысты турнирдің өтуіне «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев бастаған ұжым мүшелері, Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімшілігі мен «Жас қанат» мөлтек ауданында орналасқан №198 орта мектептің директоры Жанар Нуқабайқызы Абитова бастаған ұжымы зор көмектерін жасаған екен. Әсіресе, батырларға арналып жайылған таңғы және түскі асқа дәмділігі тіл үйірген. Бұрын соңды мұншама құрметті көрмеген Желтоқсан батырлары барлық ұстаздардың ұлттық киімдерді киіп алып зыр жүгіріп қызмет еткендеріне ерекше ризашылықпен ақ баталарын беріп жатты. Сонымен қатар осындай думанды, дүбірлі жарысты ұйымдастыру оңай емес белгілі. Желтоқсаншы батыр қыз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Сажида Жақсылыққызы Әлжанованың әйел азаматы болса да ерлердің спортына белсене араласып, осындай мини футболдан спорттық іс-шара өткізуде шыр көбелек болып шырылдап жүгірген еңбегін ерекше атап өтсек артық болмас.

    Хош, сонымен жарыс алаңына шыққан желтоқсаншылар баяғы сол жастық шағын еске алып, ала допты ұршықша иріп алып ойындарын бастап кетті. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», демекші 1986-ның сары аязында селт ептеген батырлар футболдан да құр жаяу емес екендіктерін тартысты ойын өрнектерін көрсетіп жанкүйерлерін таң-тамаша етті.

    Алматы қаласы бойынша тіркеліп, Наурызбай, Алатау, Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарының атынан келген 5 команда ойын алаңында жеңіс үшін аянбай шеберліктерін салды. Жарыстың салтанатты ашылуы да жоғары деңгейді үйлесімін тапты. Алдымен сол бір қанды көтерлісте қаза тапқандарды еске алуға арналған бір минуттық үнсіздіктен кейін, еліміздің әнұраны ойналып, жарысқа қатысушы қонақтар турнирге қатысты ақтілектерін білдірді.

    Патриоттық қозғалыс «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлесігінің төрағасы Болат Тоқтабайұлы Құрымбаев сөз алып, мұндай доп додасының өтуіне мұрындық болған Түркісіб әкімшілігі мен №198 орта мектептің ұжымына зор алғысын айтып, батырларға жарқатсыз жеңісті ойын тіледі. Сосын №198 орта мектептің директоры Жанар Нуқабайқызы Абитова Желтоқсан батырларының тәуелсіздігіміздің жаршысы болған ерліктеріне сәл тоқталып, батырларға құрмет ешқашан жоғалмайтынын тілге тиек ете кетті.

    Мектептің концерттік бағдарламасы батырларға тарту етіліп болғаннан кейін, төрешінің ысрқыруымен жарыс қайта жалғасты. Күн ұзақ жеңіс үшін жан аямай барын салған батырлардың арасынан топ жарып шыққан командалардың аттары да белгілі болды. Ертай Әбеуов бастаған Әуезов ауданы бас жүлдені жеңіп алса, екінші орынға Наурызбай ауданы, үшінші орынға Алатау аудандарының Желтоқсан батырлары ие болды. Әсіресе, ойын барысындағы тартысты кездесулердің бірінде Алатау ауданының ойыншысы Дархан Жакешев бір матчта үш бірдей допты қарсыластар қақпасына асқан шеберлікпен ағылшындық стильде басымен қақпаға соғып, жанкүйерлердің ыстық қошеметіне бөленді.

    Иә, жасы алпыстан асса да тұғырынан таймаған тау қыранындай керемет ойын көрсету кімді болса да таңғалдырмай қоймасы анық. Сонымен Желтоқсан батырларының есінен кетпес алман жарыс та аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметпен марапаттарын алды.

    Турирдің «Үздік сұрмергендері» Қылышбек Тәңірбергенов пен Дархан Жакешев атанса, «Үздік ойыншы» Ақын Ордабай, «Үздік қорғаушылар» Мүсілім Шалтыков пен Ертай Әбеуовтердің есімдері құрметпен аталып бағалы сыйлықтарын алды. Жарыс соңында Желтоқсан батырлары естелікке суретке түсіп, ойыннан алған алған әсерлерін тамсана әңгіме етіп, бірі-бірін қия алмай тарқасты. Иә, келер жылы айтып өткеніміздей, тәуелсіздігімізді жеңіп әперген Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл толады. Спортты өмірлерінің серігі етіп, әлі доп теуіп денсаулықтарын шыңдап, қоғамда белсенде болып жүрген батырларға аман болыңдар батырлар дегіміз келеді. Ал осындай игілікті, ізгілікті спорттық іс-шаралардың жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі, тәрбиесі зор деп есептеймін.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *