• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жас балуандар әлем чемпионы атанды

    Әзербайжанның астанасы Баку қаласында күрестен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының балуандары Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек алтын жүлдені жеңіп алды.

    Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, еркін күрестен 48 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Бақдәулет Ағабек финалда Үндістанның өкілі Аарьян Аарьянды 10:0 есебімен  жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ол қарсыласын техникалық басымдықпен жеңді.

    Оған дейін Бақдәулет Ағабек бес белдесудің барлығында жеңіске жетті.

    Іріктеу кезеңінде Тәжікстан өкілі Муслихиддин Ходжиевті (10:0), 8/1 финалда Болгария балуаны Эмир Джеватовты (10:0) уақытынан бұрын жеңсе, ширек финалда Моңғолияның өкілі Тэмүүлэн Усухбаярды небәрі 36 секундта 10:0 есебімен айласын асырды. Ал жартылай финалда 2026 жылғы U17 Азия чемпионы, Өзбекстанның өкілі Фаррух Махмудовтан 7:3 есебімен басым түсті.

    -28 шілдеде Қазақстан құрамасында тағы бір алтын медальды грек-рим күресінен 55 келіге дейінгі салмақта күш сынасқан Дияр Аманәлі жеңіп алды.

    Ол чемпионаттың алғашқы белдесуінде Грекияның өкілі Николаос Зинисисті 8:0, содан кейін ресейлік Эдем Пайзиевті 3:1 есебімен жеңді. Ширек финалда грузиялық Георгий Кеделидзден 2:1, жартылай финалда Болгарияның өкілі Данимир Йордановтан 8:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды, — делінген министрліктің хабарламасында.

    Финалда Дияр Аманәлі Мажарстанның өкілі Кеве Ковачпен белдесті. Негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталды. Бұл белдесуде қазақ балуаны бірінші болып нәтижелі әдіс істеді. Сөйтіп, ол UWW ережесіне сәйкес, жеңіске жетті.
    Осылай Дияр Аманәлі мен Бақдәулет Ағабек Қазақстан құрамасына 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының екі алтын медалін жеңіп алып, құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *