• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Біріккен күрес одағы

    ТОП-5: Қазақстан күрестен үздік бес елдің қатарында

    Әзербайжанның астанасы Баку қаласында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы күрестен әлемнің үздік елдерінің қатарына қосылды.

    Қазақстан күрес федерациясының хабарлауынша, ұлттық құраманың балуандары грек-рим, еркін және әйелдер күресінің нәтижесі бойынша 225 ұпай жинады.

    Қолда бар мәліметке қарағанда, Ресей спортшылары жалпы есепте 305 ұпаймен бірінші орын алса, АҚШ 294 ұпаймен екінші, Үндістан 250 ұпаймен үшінші, Иран 231 ұпаймен төртінші орынды иеленді.

    -Қазақстан 225 ұпаймен бесінші сатыдан көрініп, Өзбекстан, Украина, Жапония, Әзербайжан мен Түркия құрамаларын артта қалдырды. Бұл көрсеткіш Қазақстанды Азияның үздік үш құрамасының қатарына қосты. Құрлық елдері арасында ұлттық құрама команда Үндістан мен Ираннан кейінгі үшінші нәтижені көрсетті. Ал Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орынға ие болды, — делінген Күрес федерациясының хабарламасында.

    Баку бозкілемінде Қазақстан балуандары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Дияр Аманәлі (55 кг) мен Бақдәулет Ағабек (48 кг) әлем чемпионы атанса, Әли Алмас (48 кг) пен Айша Әбдімәлік (65 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Әлинұр Төлеуғали (71 кг), Інжу Баққожа (46 кг), Мардан Орынбасар (60 кг) мен Әділет Рысбай (71 кг) қола медаль иеленді.

    Қазақстан құрамасының алғашқы алтын жүлдесін грек-рим күресінен 55 килоға дейінгі салмақта күш сынасқан Дияр Аманәлі жеңіп алды. Ол финалға дейін төрт қарсыласын жолдан шығарып, финалда Мажарстанның өкілі Кеве Вазул Ковачпен белдесті. Бұл белдесуде әр ұпайдың салмағы артып, күрес 1:1 есебімен аяқталды.

    Бозкілемде қазақ балуаны бірінші болып нәтижелі әдіс істеді. Сөйтіп, ол UWW ережесіне сәйкес, жеңіске жетті. Оның финалға дейінгі жолында да осал белдесу болған жоқ. Дияр Аманәлі іріктеу кезеңінде Грекияның өкілін 8:0 есебімен жеңіп, одан кейін Ресей мен Грузия балуандарынан 3:1 және 2:1 есебімен басым түсті.

    Жартылай финалда болгариялық Данимир Йордановты 8:1 есебімен жеңіп, алтын жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.

    Әлем чемпионатындағы екінші алтын медаль еркін күрестен бұйырды. 48 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Бақдәулет Ағабек бес рет күресіп, соның барлығын жеңіспен аяқтады. Ол жартылай финалда Өзбекстанның өкілі Фаррух Махмудовты 7:3 есебімен жеңіп, финалда Үндістанның балуанмен Аарьянмен күресті.  Бақдәулет Ағабек финалдағы есепті 10:0-ге жеткізіп, белдесуді мерзімінен бұрын аяқтады.

    -Қазақстан еркін күресінен U17 әлем чемпионатында 2022 жылдан бері алтын жүлдені ала алмай келген еді. Бақдәулет Ағабек төрт жылдан кейін қазақ күресіне алтын медаль сыйлады. Ол былтыр  әлем чемпионатында бесінші орын алса, биыл жас балуан жаңа салмақта бес белдесудің барлығын жеңіп, әлем чемпионы атанды.

    Қалған алты жүлде де құраманың жалпыкомандалық есебіне үлес қосты. Грек-рим күресінен Әли Алмас (48 кг) күміс, Әлинұр Төлеуғали (71 кг) қола жүлде алды. Әйелдер күресінде Айша Әбдімәлік (65 кг) финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленсе, Інжу Баққожа (46 кг) әлем біріншілігінде екінші жыл қатарынан жүлдегер атанды. Еркін күрестен Мардан Орынбасар (60 кг) мен Әділет Рысбай (71 кг) қола жүлдеге қол жеткізді, — деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясы.

    Статистикаға қарағанда, былтыр Қазақстан құрамасының есебінде бір алтын, екі күміс және жеті қола медаль болған еді. Ал биыл күрестегі нәтиже жақсарып, қазақтың төрт балуаны финалға шықты.

    Қазақстанның күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовтың айтуынша, еркін күресте былтырғы үш қола жүлденің орнына биыл бір алтын мен екі қола бұйырды. Әйелдер күресінде екі жүлделік көрсеткіш сақталып, оның бірі күміс медальға айналды. Ал грек-рим құрамасы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, жүлденің үш түрінен де нәтиже көрсетті.

    Бұл жетістіктер жасөспірімдер құрамасын жүйелі даярлау мен спортшыларға қажетті жағдай жасау бағытындағы жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз.  Бз балуандар Бакуге аттанғалы жатқан кезде де жастар құрамасының дайындығын күшейту мен олардың әлеуетін толық ашу федерация жұмысының негізгі міндеттерінің бірі екенін айттық.

    -Ұлттық құраманың халықаралық додаларға жақсы дайындалуына федерация тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. U17 әлем чемпионаты аясында да оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, медициналық қолдауға және спортшыларға қажетті жағдай жасауға басымдық берілді. Әр жүлденің артында балуандардың табанды еңбегі, жаттықтырушылардың маңдай тері мен жүйелі дайындық тұр. Біз жас спортшыларды қолдауды, олардың шеберлігін шыңдауға қажетті мүмкіндіктер жасауды және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілетін арттыруды жалғастырамыз, – деген еді балуандарға сәт сапар тілеген кезде Еркін Қадырғалиұлы.

    Жалпы айтқанда, Әзербайжандағы әлем чемпионаты Қазақстан жасөспірімдер құрамасының жекелеген салмақтарда ғана емес, үш күрес түрінің жиынтық нәтижесі бойынша да әлемдік бәсекеге дайын екенін көрсетті.

    -Қос алтын медаль, төрт финал мен жалпыкомандалық есептегі бесінші орын атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтап, алтын жүлдеге таласатын салмақтардың қатарын арттыру, — деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясы.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *