Иорданияның астанасы Амман қаласында өтетін бокстан Азия чемпионатына әйелдер құрамасының ізін ала Қазақстан ерлер командасы да аттанды.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сəтжановтың шəкірттері Алматы облысының Бәйтерек ауылындағы орталықта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шешуші жекпе-жектерге дайындықты аяқтады.
Осы тұста кей салмақтарда бəсекелестік өте жоғары болғаны сонша, кімнің баратынын анықтау қиын болған екен. Мәселен, бапкерлерге 63,5 келіде «Елорда кубогы» халықаралық турнирінің жүлдегерлері — Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Санатəлі Төлтаев пен Сұлтан Мусин арасынан тек біреуін таңдауы керек болды. Ал 75 кг дейінгі салмақта ел чемпионы Нұрқанат Райысқа тəжірибелі Тұрсынбай Құлахмет пен жас та болса көзге түсіп жүрген Тимур Нұрсейітов пен Диас Нұржігітов тегеурінді қарсылық көрсетті.
Енді барлық мәселе шешіліп, Амманда өтетін Азия чемпионатында қолғап түйістіретін боксшылар жолға шықты.
Дайындық өте жақсы болды. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Спортты дамыту дирекциясы мен Қазақстан бокс федерациясының арқасында бəсеке қарсаңында ешқандай қиындық болған жоқ. Бокс елімізде кең танылған, үнемі жанкүйерлер назарында болатын спорт түрі. Ұлттық құраманың Азия чемпионатындағы нәтижесін қоғамның қалай талқылап, сынға алғаны əлі есімізде. Дубайда ерлер құрамасы алтын жүлдесіз қалғанын білесіздер. Биыл біз есе қайтарғымыз келеді. Мақсат — жалпы есепте көш бастау, — деді команданың бас жаттықтырушысы Қайрат Сəтжанов.
Бокстан XXXII Азия чемпионаты 30 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Ерлер 13 салмақта, ал əйелдер 12 салмақта мықтыны анықтайды. Сары құрлық додасын әдеттегідей Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА