Бүгін Қатарда футболдан өтіп жатқан 2022 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалының екінші матчында Франция мен Марокко құрамалары кездесті. Кездесуде Франция командасы ойын басталмай жатып, 5-минутта есеп ашты.
Франция құрамасының қорғаушысы Тео Эрнандес акробатикалық секіріс жасап, допты Яссин Бононың қақпасына соқты. Бұған дейін биылғы додада Африка командасы өз қақпасына тек бір допты жіберіп алған болатын. Онда да Марокко құрамасының қорғаушысы Наиф Агер автоголдың авторы атанған. Ал Франциямен кездесуде Марокконың ойыншылары қақпаларына тағы бір гол жіберіп алды. Ойынның 80-минутында француз футболының жарық жұлдызы Килиан Мбаппе бірнеше қарсыласты алдап, қақпаға жақындап, Коло Муаниге пас берді. Ал ол алған допты сәтті пайдаланып, допты торға тулатты. Есеп – 2:0.
Негізгі уақытта да қосымша берілген 6 минутта да марокколықтар таблодағы есепті өзгерте алмады.
Осылайша Франция құрамасы футболдан биылғы әлем чемпионатының финалына шықты. Енді олар финалда Аргентинамен кездеседі. Ал Марокко үшінші орын үшін матчта Хорватия құрамасымен өзара бақ сынайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА