Ресейдің «Зенит» клубы мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп Ақтаудағы үйлену тойында Аргентинаның жеңісін тойлады.
Жастардың үйлену тойы Ақтау қаласындағы «Хан шахар» салтанат сарайында болды. Той кезінде мейрамханадағы экрандардан әлем чемпионатынан тікелей көрсетілім қойылды. Ал әлем чемпионы анықталған сәтте футболшының мейрамхананың ортасында шаттанып жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Нұралы Пақтұлы Әліп — Ақтау қаласының тумасы. «Каспий» футбол клубының түлегі. 2015 жылы «Қайрат» клубының жастар командасына алынған.
2018 жылы наурызда Алматының «Қайрат» клубының негізгі құрамына қосылды. Алғашқы ойынын 11 наурыз күні «Қызылжар» клубына қарсы өткізіп, алаңда 90 минут бойы ойнады. Бұл ойында «Қайрат» 2:1 есебімен жеңіске жетті.
2020 жылы Қазақстан чемпионы атанды.
2022 жылы қаңтарда «Зенит» клубының қорғаушысы болды. Жақында ол Санкт-Петербург командасымен келісімшартты ұзартты.
Нұрдәулет КЕНЖЕБАЙ,
АСТАНА