Үндістанның астанасы – Дели қаласында өтіп жатқан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасының екі боксшысы финалға жолдама алды.
1/2 финалда Қазақстанның 6 боксшысы шаршы алаңға шықты. Олардың екеуі ғана жеңіске жетіп, алтын медальға таласуға мүмкіндік алды.
Әуелі 48 килоға дейінгі салмақтағы Алуа Балқыбекова үндістандық Ниту Гангастан ұпай санымен жеңіліп қалды. Одан кейін рингке 57 килоға дейінгі салмақтағы Карина Ибрагимова көтеріліп, әлемнің екі дүркін, құрлықтың бір мәрте чемпионы тайвандық Линь Юйтинмен кездесті. Бұл жекпе-жекте отандасымыз қарсыласынан басым түсті. Осыған дейін қола медальдан артық жүлде алып көрмеген Каринаның бұл жеңісі шынында да сенсация ретінде бағаланды.
Келесі кезекте 66 кг салмақтағы Надежда Рябец қытайлық Ян Люден айласын асыра алмады. Ол қола жүлдені қанағат тұтты. Содан кейін Валентина Хальзова австралиялық Кейтлин Паркермен қолғап түйістіріп, жеңілістің ащы дәмін татты. 81 кг салмақтағы Фариза Шолтай да қытайлық Ван Линаға қарсы айқаста артықшылық көрсете алған жоқ. Осылайша бұл екеуі команда қоржынын тағы екі қола жүлдемен толықтырды.
Финалдық жекпе-жекте өнер көрсету құқығын алған екінші спортшымыз 81 килодан ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева болып шықты. Ол әзербайжан Айнур Рзаеваны ұтты.
Бүгін – финал. Барлық жекпе-жектер кешкі сессияда, сағат 18:30-да басталады. Трансляция Qassport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Дастан КЕНЖАЛИН,