Астанада әлемде тұңғыш рет бір елдің шахматтан әйелдер командасы әлем құрамасына қарсы ойынды бастады Бұған дейін мұндай жарыс үш рет тек ерлер құрамалары арасында өткізілген болатын.
Биылғы әйелдер матчында Қазақстан мен әлем құрамалары ойындарға екі командадан қатыстырып жатыр. «А» командаларының құрамында төрт ересек спортшы бар. Ал «В» командалары – 14, 16, 18 және 20 жасқа дейінгі спортшылар.
Матчтың жеребе тарту нәтижесі бойынша, Хоу Ифан гроссмейстер Динара Сәдуақасоваға қарсы қара фигуралармен ойнады. Үнді шахматшысы Харика Дрюнавалли Меруерт Камалиденоваға қарсы шықты. Гроссмейстер Бибісара Ассаубаева ойынды Әзербайжан өкілі Гүнай Мамедзадэге қарсы бастады. Гроссмейстер Жансая Әбдімәлік те грузин шахматшысы Нана Дзагнидзеге қарсы қара фигурамен ойнады.
Жасөспірімдер арасында Зарина Нұрғалиева өзбекстандық Афруза Хамдамоваға қарсы ақ түсті, ал Ксения Балабаева болгариялық Нұргүл Салимоваға қарсы қара түсті фигуралармен ойнады. Венгриялық Жока Гаал Алуа Нұрмановаға қарсы қара түсті, үндістандық шахматшы Шри Б.Савита отандасымыз Лия Құрманғалиеваға қарсы ойынды қара түсті фигуралармен бастады.
Матчтың алғашқы күні қыздар рапид бойынша 4 раунд ойнады. Кездесудің бірінші күні шетелдік спортшылардың басымдығымен аяқталды. Қазақстан командасы 13,5 ұпай, ал әлем құрамасы 18,5 ұпай жинады. Хоу Ифан Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлікпен тең түсіп, Меруерт Камалиденованы ұтып, Бибісара Асаубаевадан ұтылды.
Бүгін шахматшылар рапидтің тағы 4 раундын, ал 19 сәуірде сегіз раундтық блиц ойнайды. Содан кейін жеңімпаз құрама белгілі болады. Әйелдер арасындағы командалық матчтың жалпы жүлде қоры — 50 000 доллар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА