• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әлем чемпионатының  тоғызыншы күні: бес жекпе-жек, төрт жеңіс

    Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының тоғызыншы күні Қазақстанның бес боксшысы рингке шығып, олардың төртеуі жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

    Бүгін чемпионаттың тоғызыншы күнінде шаршы алаңға 51, 54, 67, 71, 75, 80 келіге дейінгі салмақтардағы боксшылар көтеріліп, 1/8 финалдық текетірестерге қатысты.

    Осы күні бізден күндізгі сессияда 71 келіге дейінгі салмақтағы команда капитаны Асланбек Шымбергенов израильдік Мирослав Капулермен, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай түрік Каан Айкутсынмен кездесіп, екеуі де қарсыластарынан 5:0 есебімен басым түсті. Асланбек бәсекелесін үшінші раундта бір рет нокдаунға да түсірді.

    Кешкі сессияда да біздің екі боксшымыз қарсыластарынан 5:0 есебімен басым түсті. Жарыс жолын 54 келіге дейінгі салмақтағы Махмұд Сабырхан мен үндістандық Сачин Сачин ашты. Шайқас барысында Махмұд бірінші раундта жеңіп шыққанымен, екінші раундта инициативаны қарсыласына беріп қойды. Дегенмен, соңғы раундты өте жоғары қарқынмен өткізіп, жеңістің өзінікі екеніне ешкімнің күмәнін келтірмеді. Содан кейін 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов келесі бір үндістандық Акаш Акашпен қолғап түйістірді. Ол бірінші раундта ұтылып тұрды. Бірақ келесі раундтарда сол олқылықтардың орнын толтырды.

    Өкінішке қарай, 75 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс бразилиялық Уандерей Перейрадан аса алмады. Үш раундта да есе жіберген ол 0:5 болып ұтылды.

    Осымен, алтыншы боксшымыз жарыс жолынан шығып қалып отыр.

    Ертең, 10 мамырда 1/4 финалдық жекпе-жектерге кезек келеді. Оған бізден 7 боксшы қатысады.

    Бұған дейін бізден 48 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Тәшкенбай, 57 келіге дейінгі салмақтағы Серік Теміржанов және аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалға шығып қойған болатын. Соның ішінде Санжар – жапон Казума Аратакемен, Серік – кубалық Дель-Рей Сайдел Орта Родригеспен, ал Қамшыбек өзбек Баходир Жалоловпен «медальдар ауылына» қарай өту үшін күш сынасады.

    Сол сияқты 54 келідегі Махмуд Сабырхан – ганалық Мохаммед Амадумен, 67 келідегі Дулат Бекбауов – мексикалық Мигуель Ангел Мартинеспен, 71 келідегі Асланбек Шымбергенов – франциялық Макан Троаремен, ал 80 келідегі Нұркен Оралбай иорданиялық Эйшайш Хуссейн Йашайшпен қолғап түйістіреді.

    Бұл жұптарда жеңіске жеткендер, әлбетте, кемінде қола медаль алады.

    Ертең,11 мамырда боксшылар тынығады. Одан ары, 12 мамырда жартылай финалдық айқастар өтеді, ал финал 13-14 мамыр күндері ойналады.

    «Қазспорт» телеарнасы ертең, 10 мамырда Астана уақыты бойынша сағат 18.55-22.30 аралығында чемпионаттан трансляция жасайды. Онда 48, 54, 60, 67, 75. 86 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтардағы ширек финалдық жекпе-жектер көрсетіледі.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *