Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнутдинов БАҚ өкілдеріне Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі Сан-Марино командасымен ойын туралы ойын айтты.
– Бахтиер, ЦСКА сапында Ресей Кубогындағы жеңістен кейін өзіңді қалай сезініп жүрсің?
– Еліміздің абыройын қорғау үшін ұлттық құрамада әрқашан үлкен құлшыныспен ойнаймын. Кубоктағы жеңіс мені шабыттандыра түсті. Сан-Марионмен матчқа толық дайынмын деп айта аламын.
– Ресей кубогын алғанда көз жасыңызға ерік бердіңіз. Эмоцияңызды жасыра алмадыңыз ба?
– Бұл жай ғана эмоция. Шыны керек, Ресейде өткен соңғы бес жылда алғаш рет үлкен жеңіске жетіп отырмын. Сол себептен көңілім босады.
– Сан-Мариномен ойын туралы не айта аласыз? Шабуылшы болып ойнайтын сияқтысыз.
– Сан-Мариномен ойын оңай болмайды. Қарсыластың қорғанысын бұзу оңай болады деп ойламаймын. Қарсыласты бағаламау деген болмау керек. Барлығына жүз пайыз дайынбыз. Шынын айтқанда позициям туралы әлі білмеймін.
– Төрт жыл бұрын Астанада Сан-Мариномен кездесіп, ірі есеппен ұттық. Сол ойын есіңізде ме?
– Астанадағы матчта ойнамадым. Ал сырт алаңдағы ойын әлі де есімде. 3:1 есебімен жеңіске жеттік. Сол кезде де оңай ойын болмады. Осы уақыт аралығында қарсылас барлық жағынан күшейе түсті. Қарсыластың бүгінгі ойынын қарап, бұрынғы команда деп айта алмаймын.
– Ал мына сұрақты осы жерде қою керек болып тұр. Соңғы жылдары А сериясы туралы әңгіме көбейіп кетті. Келесі маусымда Италияда ойнауға шақырту алған жоқсыз ба?
– Топ-5 чемпионатында ойнау – менің бала кезден бергі арманым. Ол үшін ЦСКА-ға да, маған да жақсы ұсыныс болу керек. Армадар орындалады дейді ғой. Сол үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап жатырмын.
– А сериясының өкілдері, агенттері қонақ үйге келмеді ме?
– Жоқ, келген жоқ.