• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    VІ жазғы Спартакиадада: Алматы қаласының мергендері топ жарды (ФОТО)

    Бүгін Шымкент қаласында нысана көздеуден VI жазғы Спартакиадасы аяқталды.

    Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бір аптаға созылған бәсекеде 27 бағдарламада жүлде сарапқа салынды. Оның 12-сі жекелей, 12-сі командалық сайыста, қалған 3 медаль жиынтығы аралас жұптар арасында өз иесін тапты. Барлығы Шымкенттегі бәсекеге 9 өңірден 138 спортшы қатысты.

    Бүгінгі екі жүлде жалпы есептегі жеңімпазды анықтап берді. Жылжымалы нысана көздеу мен 10 метрден пневматикалық тапаншамен аралас жұптық сында Алматы қаласы чемпион атанып, жалпы есепте бірінші орын алды. Олардың еншісінде 13 алтын, 16 күміс пен 5 қола медаль бар. Ал Шымкент қаласы (13 алтын, 6 күміс, 8 қола) екінші болса, үздік үштікті Жамбыл облысы 1 алтын, 4 қоламен түйіндеді.

    Осы Спартакиадада ең қиын финал бүгін болды. Іріктеуде 586 ұпай жинадым. Бұл менің үздік көрсеткішім дей алмаймын. Бұдан көп балл жинаған кездер болды. Финал мен үшін сәтсіз басталды. Бірақ ортасына қарай бар шеберлігімді көрсете бастадым. Қарсыластарымның алдын орап жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Осы сәт үшін біз ұзақ дайындаламыз. Енді шетелдегі жарыстардан жүлделі оралуға барымды саламын,- деді ұлттық құраманың спортшысы Ислам Сәтпаев.

    Ал Алматы қаласының спортшысы Александра Сәдуақасованың айтуынша, ол жарыста бар мүмкіндігінің 60 пайызын көрсетті.

    Нәтижеме көңілім толады. Бүгін бесінші жүлдемді жеңіп алдым. Келесі жарысқа дейін дайындалуға көп уақыт жоқ. Алда жастар арасындағы әлем чемпионаты келе жатыр. Сосын, Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетуіміз керек, — деді  ол.

    Осымен Олимпиада бағдарламасына кіретін 25 спорт түрінен VI жазғы Спартакиада мәресіне жетті. Нысана көздеуден соң 20 өңірдің ішінде жалпы есепте анау айтқандай өзгеріс болған жоқ. Қазір Алматы қаласы көш бастап келе жатыр. Ал одан кейінгі сатыда Шымкент қаласы тұрса, Қарағанды облысы үшінші сатыны Астана қаласына бермей, өздерінде сақтап қалды.

    Еске сала кетейік, 4 жыл бұрын нысана көздеуден V жазғы Спартакиада осы Шымкент қаласында өтіп, жарыс қожайындары топ жарған. Ал жалпы есепте екінші орынды Алматы қаласы алған.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    ФОТО: Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *