Астанада таеквондодан VI жазғы Спартакиада аяқталды. Жарыс 2-4 желтоқсан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында болды.
Үш күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінен 179 мықты спортшы медальдар үшін күш сынасты.
Оған 113 ер адам мен 76 әйел қатысты. Олардың арасында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері Смайыл Дүйсебай, Рио-де-Жанейро, Токио қалаларында болған Олимпиялық ойындарға қатысып, бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы атанған Руслан Жапаров, Чэндудегі Дүниежүзілік жазғы Универсиаданың чемпионы Рита Бакишева, құрама көшбасшылары мен халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Ботагөз Қапанова, Нұрбек Газез, Нұрай Хусайнова мен басқа да спортшылар бар.
Спартакиадада спортшыларымыз 16 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңімпазды анықтады. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА