Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында спорттық гимнастикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында еліміздің қоржыны тағы бір алтын медаль және күміс жүлдемен толықты.
Азия чемпионатында Қазақстан жасөспірімдері финалдық жарыста үш медаль жеңіп алды.
Роман Хегай мен Нұртан Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда өнер көрсетті. Хегай төрешілердің шешімімен 13.800 ұпай жинаса, Ыдырысов 12.866 ұпайды қалтасына басты. Үшінші орынды жапониялық Харутоши Очаи 12.666 ұпаймен алды.
Сонымен бірге Ыдырысов қоссырықтағы жаттығуларда ең үздік нәтиже көрсетіп, 13.933 ұпайға ие болды.
Жасөспірімдер құрамасы командалық көпсайыста үшінші орын алды.
Бұған дейін Ыдырысов еркін жаттығудың финалында өнер көрсетіп, сегізінші орынға (11.000 балл) шыққан еді.
Жекелей сындағы финалдар әлі жалғасып жатыр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА