Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында Болгарияның астанасы — София қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір алтын медальді жеңіп алды.
Ол чемпионаттың іріктеу кезеңінде үш сайыстан финалға жолдама шығып, жүлдегер қатарынан көрінді.
Ерекешева доппен және лентамен жаттығуда алтын жүлдені жеңіп алса, шеңбермен жаттығуда күміс жүлдені иеденді. Ал бұған дейін хабарлағанымыздай, ел құрамасынан сынға түскен тағы бір гимнастымыз Айғаным Рысбек булавамен жаттығуда бесінші орын алып қалды.
Осылайша, Ақмарал Ерекешева ел құрамасынан көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен санаулы спортшының бірі болып отыр.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА