Семсерлесуден Грузияның Тбилиси қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстаннның намысын қорғаған төрт саңлағымыз қола жүлдені жеңіп алып, әлемді аузына қаратты. Сын алаңына шыққан Кирилл Проходов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов пен Эльмир Әлімжановтар төрттігі үшінші орын үшін бәсекеде осы спорт түрінде алдына жан салмай әлемдік рейтингте үшінші сатыда келе жатқан Франция құрамасын тас-талқан етіп жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды. Бұл сүйіншілеп жария етер жаңалық айтулы спорт түрінен командалық сайыста Қазақстан тарихындағы алғашқы сүбелі жеңіс деп қуана айтамыз.
Бұл екі елдің арасындағы теке-тірес 2023 жылы өткен еді. Сол кескілескен шайқаста Франция спортшыларының бағы жанған. Біздің семсер ұстаған серкелерліміз сол бір кеткен есені қайтарып жеңісті олжалап отыр.
Ерлер арасында сапы бағдарламасы бойынша өткен жекпе-жекте біздің жігіттер Францияны 45:31 есебімен жеңіп тізе бүкітірді. Бұл жеңіс ел тарихындағы алтын әріппен жазылтын айтулы жеңіс деп білеміз. Бұған дейін Миланда өткен әлем чемпионатында жекелей сында жерлесіміз Руслан Құрбанов қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Қазақстанның намысын қорғаған еліміздің бұл төрттігі жарыс жолында ресейлік бейтарап команданы 45:35 есебімен жеңген. Келесі кездесулерінде Қытай құрамасын 38:37 есебімен жеңіп, ширек финалда қазіргі әлем чемпиондары Италиямен жолығады. Тартысқа толы өткен бұл кездесуде қазақстандық семсершілер әлем чемпионы деген атағына қарамай Италияны 45:43 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алады.
Жартылай финалда Жапонияға 41:42 есебімен жол беріп үшінші орын үшін өтетін жекпе-жекке бар күштерін сарқып салуға шығады. Ал үшінші орын үшін өткізген бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған нояндарымыз айды аспанға шығарып, Олимпиаданың 1908, 1924, 1932, 1948, 1980, 1988, 2004, 2008 және 2016 жылдардағы чемпионы, осы спорт түрінде әлем көшін бастап тұрған Франция құрамасын дәрменсіз жағдайға қалдырып жеңісті жұлып алады.
«Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», деген екен бабаларымыз. Осындай ғаламат жеңіске жетуі өскен ортасы мен дайындалып шыққан жаттығу орындарының үлесі зор екенінде айтқанымыз дұрыс болар. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, Олимпиаданың күміс жүлдегері Асхат Житкеев сынды саңлақтарды тәрбиелеп шығарып отырған Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінен қанат қағып ұшып жатқан әйгілі спортшылар аз емес. Сондай-ақ, семсерласу спортынан бұл мектеп-интернаттан өсіп өнген Эльмир Әлімжанов халықарлық, әлемдік жарыстарда қанжығасы майланып, ел намысын абыроймен қорғап келеді.
Семсерлесу спортынан 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 3 дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері 8 дүркін әлем чемпионы, 16 дүркін Еуропа чемпионы аты аңызға айналған саңлақ спортшы Софья Великая да айтулы мектеп-интернаттың түлегі. Осы бір ұстахана іспеттес мектеп-интернаттың бүгінгі күнгі мақтанштарымыз қос бірдей түлегі Эльмир Әлімжанов пен Кирилл Проходовтар осы әлем чемпионатынан тарихи ел қоржынына қола жүлдені салып беріп отырған саңлақтарымыз. Сондықтан да бұл жер қазақ спортының майталмандарын тәрбиелеп шығарып отырған қасиетті қарашаңырақ десе болғандай.
Сонымен бірге осы төрттіктің арасындағы Руслан Құрбановтың шеберлігіне сүйсіне қол соға кеткен орынды болар. Бұл семсерші әлем жарыстарында екі мәрте қола жүлдені жеңіп алып отыр. Оның бірі жекелей болса екіншісі командалық сында. Елге оралған соң біздің қазақы дәстүрмен шашу шашып қарсы аларымыз белгілі. Сол құрмет марапаттардың арасында Русланға еңбегі сіңген спортшы шебері атағы беріліп жатса артық болмас еді. Иә, оны спорт тізгінін ұстаған Министрлік қаперінде ұстайтын шығар деген сенім бар. Енді осы ел намысын әлем жарысында абыроймен қорған келген саңлақтарымыз осы қарқынмен алдағы Олимпиада асуын алтын жүлдемен бағындырар деген үмітті арқау етеміз.
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
АЛМАТЫ