Батыс Қазақстан облысының тумасы Әнел Сытдықова елімізден Ирландия мен Шотландия арасындағы Солтүстік бұғазын жүзіп өткен алғашқы әйел атанды.
Ол Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында бұғазды 4 қыркүйекте сағат 36 минут 19 секундта жүзіп шыққанын айтты.
Отандасымыз Солтүстік бұғазын жүзіп өткен 185 адамның қатарына енді.
Төрт адамның бәрі де мәреге жетті. Менімен бірге болған германиялық, Олимпиада чемпионы Андреас 8 сағатта жүзіп өтіп, рекорд жасады. Ал австралиялық Бренда 11 сағатта мәре сызығын кесті. Тағы бір аустралиялық Джон 15 сағатта жетті, — дейді Ә.Сытдықова.
Оның айтуынша, бапкері Сергей Ленивкин Мәскеуден келген. Ол түркиялық досымен бірге қолдаушы ретінде қайықта болған.
Солтүстік бұғазы – суы салқын, ағысы қатты, әлемдегі ең қиын марафондық қашықтықтардың бірі.
Триатлоннан Қазақстанның тұңғыш темір ханшайымы, бірінші айронмен (Ironman) және ультрамен (Ultraman) Әнел Сытдықова 2019 жылы қазақстандықтардан алғаш рет әйгілі Ла-Манш бұғазын (38 км) гидрокостюмсіз жүзіп өткен. Одан кейін 2022 жылы жазда АҚШ-та Манхэттен аралы айналасында 20 көпірді айналып, 48,5 км қашықтықты бағындырды. Содан кейін Лос-Анджелесте әлемдегі ең ұзақ марафондық қашықтықтардың бірі – Каталина бұғазын (34 шақырымға жуық) тоқтамастан жүзіп өтті.