Бокстан Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Виктория Графеева мен Елдана Тәліпова қола медальға ие болды.
Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақта жартылай финалына дейін жетіп, қола жүлдені қанағат тұтты.
Боксшы Бразилияның спортшысы Ребека Де Лима Сантоспен қолғап түйістірді.
Жекпе-жекте төрешілердің шешімімен Оңтүстік Американың өкілі жеңіске жетті.
Осылайша, Виктория Графеева (60 келіге дейін) Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді салды.
Елдана Тәліпова 80 келіден аса салмақта ел намысын қорғады. Ол жартылай финалда Польша елінің өкілі Агата Качмарскамен жұдырықтасты.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша польшалық боксшы финалға шықты. Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі қола жүлде пайда болды.
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай да жартылай финалға жолдама алды.
Бұрымды бокшымыз 48 келіге дейінгі салмақта күшін көрсетіп жатыр. Ширек финалда отандасымыз Украинаның спортшысы Анна Охотамен қолғап түйістірді.
Назым Қызайбай алғашқы раундтан-ақ ауыр соққылармен қарсыласын есеңгіретіп жіберді. Нәтижесінже еш қиындықсыз 5:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл жеңістен кейін Назым Қызайбай кем дегенде қола медаль алады деген сөз.
Аида Әбікеева финалға жолдама алды. Ол 65 келіге дейінгі салмақта Мэрри Уолшпен (Ирландия) күш сынасып, қарсыласын жеңді.
Ерлер арасында Санжар Тәшкенбай ширек финалда 50 келіге дейінгі салмақта Сингх Мандегбаммен (Үндістан) бокстасты. Бұл айқаста отандасымыз еш қиындықсыз жеңіске жетті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА