Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында тұңғыш рет қазақ былғары қолғап шеберлерінің арасында алтын медальді жеңіп алды.
Былғары қолғап шебері 90 келіден аса салмақта Өзбекстанның өкілі Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді.
Бірінші және екінші раундта өзбек боксшысы басым түсті. Дегенмен Айбек Оралбай соңғы үшінші раундта қайсарлық танытып, жеңісті суырып алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында жеті алтын медальді иеленді. Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін), Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Наталья Богданова (70 келіге дейін), Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін) мен аса ауыр салмақта Айбек Оралбай әлем чемпионы атанды.
Осы жерде айтатын бір нәрсе, Айбек Оралбай әлем чемпионатында тұңғыш рет қазақ былғары қолғап шеберлерінің арасында алтын медальді жеңіп алса, ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхандар бір үйден, бір күні шыққан әлем чемпиондары болды. Сонымен бірге Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс жүлдегер болды. Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден аса салмақ) қола жүлдені қанағат тұтты.
Рүстем ЖҰМАН,
АСТАНА