Колумбияның Богота қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында ерлер арасында 96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жарыс өтті.
Осы сында Нұрғиса Әділетұлы 383 (170+209) келіні басынан асырып, қоссайыс қорытындысы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Әлем чемпионы атағын Бахрейн атынан шыққан колумбиялық Лесман Паредес жеңіп алды. Ол қоссайыста 397 келіні (жұлқа көтеруде – 185 кг, серпе көтеруде – 212 кг) көтеріп, жеңіске жетті. Қола жүлдені колумбиялық Джор Морено – 380 (171 + 209) иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Артем Чуркин 73 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегер болған еді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА