• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Арландар» футбол клубы Португалияда жетістікке жетті (ФОТО, ВИДЕО)

    «Арландар» футбол клубы өз қаржылық есебінен Қазақстан футболын дамытуда өте көп инвестиция салды. Соның бірі — Португалия жобасы. Себебі, футболдың фундаменті балалар футболы болғандықтан, ал балалар футболында әлемдік үштікке кіретін Португалияның футбол академияларында Қазақстан балаларын дайындау керек болды.

    Былтыр «Арландар» футбол клубына талантты балалар жиналды

    2022 жылы «Арландар» футбол клубы өз қаржылық есебінен Қазақстан бойынша футболдан іріктеулер жасап, талантты балаларды жинады. Астанада, Шымкентте оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, Португалияға дайындықтарын пысықтады.

    Қазақстан бойынша іріктеулерден өтіп, клубтың ішкі тәртіптері мен ережелеріне сәйкес келеді деген 12 баланы 1-9 сәуір аралығында Португалияға жолдады. Алға екі мақсат қойылған еді.

    Оның біріншісі, Порту аймағындағы халықаралық «Биспортс» футбол академиясына оқуға түсу үшін байқаулар мен емтихандарына қатысу.

    Екіншісі, Португалияның Понта-Делгада қаласында өтетін XV халықаралық Азореш турниріне қатысу.

    Командамыз төгілген маңдай терді жерге тастамай, бес рет жеңіске жетті

    Алға қойылған екі мақсат та толығымен орындалды.

    «Биспорт» халықаралық академиясының байқаулары мен емтиханы кезінде жататын орны мен тамағын академияның өзі төледі. Яғни, академияның кампусында балаларымыз тегін жатты. Бұл академия шын мәнінде талантты балалар іздеп жатқанын, балаларға ұсынып отырған тегін қызметтерінен байқауға болады. Байқау өткізу үшін өте көлемді қаржы кетеді. Одан бөлек, Пасха каникулы кезінде демалыста жүрген барлық мамандарды шақыру, ол да бір мәселе. Соған қарамастан тікелей трансляция кезінде журналистерді тартып, кемінде 10 шақты мамандар балаларды көру үшін жұмыс басында жүрді. Байқаудың соңғы қадамы ретінде «Хэллоу кап» турнирін ұйымдастырды. Балаларымыз осындай ауқымды , турнирдің кубогын ұтып алды. Бұл байқаудың коммерциялық мақсатта емес екенін осыдан ақ байқауға болады.

    Одан кейін Понта-Делгада қаласында өткен халықаралық жарысқа қатысты. Жалпы, бұл жарыстың деңгейін, әлемдік масштабтағы Италияның «Парма», Португалияның «Спортинг», Африка құрлығынан «Маракана», Латын Америкадан «Сан Карлос» секілді клубтарынан қатысқан командаларға қарап білуге болады. 10 елден мықты деген 24 команда қатысты. Командамыз жеті рет ойнап, екі рет жеңілісе де, бес рет жеңіске жетті. Нәтижесінде 24 команда ішінен жетінші орын алды.

    Бұл турнирде балаларымыз теңдессіз тәжірибелер жинады. Алаңға шығу тәртібінен бастап, ойын біткеннен кейінгі тәртіптері мен ережелерін, сондай ақ әлемдік деңгейдегі жоғары футбол мәдениетін үйреніп келді.

    Осы аталған байқаулар мен турнирлер туралы ақпараттар барынша ашық болды. Ата-аналары мен туыстары тікелей эфирден ойындарын көрді. Матчтың видеолары «Биспорт» футбол академиясы мен XV халықаралық Азореш турнирінің You tube каналдары мен Facebook парақшаларынан қайта көруге болады. Барлық ақпараттар интернетте сақтаулы. Барлығы ашық, айқын өтті.

    Балалардың жетістігі бағаланса деген тілек бар 

    Қазақстан футболының аянышты жағдайы туралы білмейтіндер, балаларымыздың бұл жетістігін бағаламайды. Ол түсінікті. Сондықтан қысқаша ақпарат берейін: Жалпы, Қазақстанның балалары ешқандай стандартқа сай дайындалмайды. Дайындалған емес. Ортақ методика жоқ. Қай бағытта дамимыз, қалай дамимыз деген сұрақтарға жауап жоқ. Мысалы, Португалияда әр жастағы балалардың футбол алаңдарының өлшеміне сай алаңда ойнайды. Балалар өскен сайын алаңы да өсіп отырады. Ал бізде, табылған алаңға сай футболшыларымыздың санын анықтап дайындаймыз. Ішкі детальдарын айтпай-ақ, қарапайым алаң мәселесін айтайын. Мысалы, стандартқа сай натуралды газонда өмірде ойнамаған кешегі барған балаларымыз, алғаш рет Португалияда талапқа сай табиғи газонда ойнады. Көбісі стандартқа сай емес жасанды газонда ойнаған, тіпті футзалдың паркетінен басқа зал көрмеген балалар да болды. Ал футзал деген тіпті басқа спорт түрі. Осы секілді толып жатқан проблемаларды айтар болсақ, том-том кітап болады. Сондықтан, ешқандай жағдайы жоқ, стандартқа сай ешқандай футбол жаттығуын көрмеген балалардан үлкен жетістік күту дұрыс емес. Сол үшін де 30 жыл бойы Қазақстан әлем сахнасына бір футболшы шығара алмады. Себебі, егілмеген егіннен жеміс күту — ақымақтық. Сол үшін де біз алдымызға, Португалияда футболшылар дайындауды мақсат етіп қойдық.

    Жалпы, Португалия іс-сапары туралы пікіріміз өте жақсы, жоғары деңгейде өтті. Көңілге медеу боларлығы, бұл халықаралық турнирге Қазақстаннан алғаш рет команда қатысып отырғандықтан, тулардың арасына Қазақстан туы арнайы тігілді. Біз ұлттық құрама болмасақ та, бізге деген құрметі ретінде Қазақстанның әнұраны ойналды. Балаларымыз жүлделі орын алмаса да португал халқының жүрегінен орын алды. Оны трибунадағы халықтың ыстық ықыласына қалай бөленгенін видеолардан көруге болады. Ары қарай жоспарымыз бар. Сол бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз.

     

    Құрметпен,

    «Арландар» футбол клубының директоры Фазылбек ӘБСАТТАР,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *