Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.
Ойындардың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар. Жалпы медальдық есепте Қазақстан командасы 45 мемлекеттің ішінде бесінші орынға ие болды.
Жарыста Қазақстан атынан 60 спортшы 9 спорт түрі бойынша сынға түсті. Қазақстан командасы пара жүзуден 34 медаль, пара қол күресінен 11 медаль, пара үстел теннисінен 7 медаль, пара жеңіл атлетикадан 6 медаль және пара пауэрлифтингтен 6 медаль жеңіп алды.
Одан басқа голболдан алтын медальді, боччадан күміс жүлдені, ал пара таеквондодан бір күміс және бір қола медальді иеленді. Пара садақ атудан Қазақстан атынан бір спортшы қатысып, бұл спорт түрі бойынша жүлде тіркелген жоқ.
— Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарында еліміздің спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Бұл жетістік — мемлекеттік қолдаудың, бапкерлер мен медициналық персоналдың, сондай-ақ ата-аналардың бірлескен еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, бұл ойындар жас спортшылар үшін халықаралық аренада тәжірибе жинауға, халықаралық классификациядан өтуге және өз нәтижелерін одан әрі жақсартуға мүмкіндік беретін маңызды жарыс болды, — деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының спорт басқармасының басшысы Қайрат Сейтбеков.
Жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары 10–13 желтоқсан аралығында болды. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Фото: Туризм және спорт министрлігі
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары