Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының бесінші күні біздің екі атлет жеңіске жетіп, бір спортшымыз жеңіліске ұшырады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бүгін 57, 80 және 92 келілерге дейінгі салмақтардағы былғары қолғап шеберлері шаршы алаңды шайқады.
Күндізгі сессияда 57 келіге дейінгі салмақтағы Серік Теміржанов 1/16 финалда малилік Абдул Карим Батхилимен жұдырық түйістірді. Нәтижесінде біздің жігіт ұпай санымен жеңіске жетті. Малилік боксшы осы чемпионаттың ашылуындағы бірінші жекпе-жекке шығып, молдован қарсыласын жеңіп кеткен болатын.
Кешкі сессияда бірінші болып 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай 1/16 финалда әзербайжан Мурад Аллахвердиевпен кездесті. Біздің оғлан қарсыласынан үш раундта да басым болды. Сондықтан оның жеңісі еш күмән туғызбады. Есеп – 5:0. Оның сыңары – 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай 1/16 финалда италиялық Азиз Аббес Моухидинмен қолғап түйістірді. Өкініштісі, қазақстандық спортшы қашып жүріп ұрыс салған бәсекелесіне қарсы айла таппады. Ол екінші раундта ғана басымдыққа жетті. Бірақ үшінші раундта таразы басын бұрып кете алмады. Қорытындыда 0:4 есебімен жеңіліс тапты.
Осы күні Қытай құрамасы сапындағы тағы бір қазақ жігіті – 80 келіге дейінгі салмақтағы Таңатқан Тоқтарбек марокколық Мохамед Ассачирді нокаутпен жеңді.
Өзбекстанның бірінші боксшысы жарыс жолынан шығып қалды. Ол – Жасурбек Юлдашев 80 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Хуссейн Эйшайш Йашайштан ұтылды.
Енді Серік Теміржанов 7 мамырда венгер Роланд Вереспен 1/8 финалда кездеседі, Нұрбек Оралбай 8 мамырда түрік Айкутсын Каанмен 1/8 финалда шайқасады.
Бүгін жарыс жолын аяқтаған Айбек Оралбайды қосқанда, осы кезге дейін Қазақстан құрамасы сапынан үш боксшы чемпионаттан шығып қалып отыр. Айбек мұның алдында, 1 мамыр күні 1/32 финалда болгар Радослав Пантелеевті тізе бүктірген еді.
Басқа сәтсіздіктерімізге келсек, бұрнағы күні 60 келіге дейінгі салмақтағы Талғат Сырымбетов иорданиялық Азия чемпионы Мохаммед Абу Джаджедке есе жіберіп алды. Ол 1 мамыр күні 1/32 финалда тай Сакда Руамтхамды 5:2 есебімен ұтқан. Ал кеше 63,5 килоға дейінгі салмақтағы Санатәлі Төлтаев маврикийлік Ричарно Колин Луистен ұтылып қалды. Ол 2 мамыр күні 1/32 финалда израильдік Ахмад Штивиді жарыс жолынан шығарып тастаған-тын.
Ертең, 6 мамыр, чемпионаттың алтыншы күні 63,5, 67, 71 келіге дейінгі салмақтардағы атлеттер күш сынасады. Бізден Дулат Бекбауов (67 кг) пен 71 Асланбек Шымбергенов (71 кг) Ташкент рингіндегі бірінші ұрыстарын өткізеді. Атап айтқанда, Дулат – румыниялық Андрей Мустетпен, Асланбек Тринидад және Тобаго өкілі Аарон Принспен күш сынасады. Екеуі де күндізгі сессияда өнер көрсетеді.
Күндізгі сессия шайқастары – сағат 14:00-16:30, кешкі сессия сағат 18:00-20:30 аралығында өтеді.
Сол уақыттарда Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.